Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бішкектегі саммиті жаһандық тұрақсыздық күшейген кезеңде ұйымның халықаралық аренадағы рөлін айқындай түсті. Мүше мемлекеттер мен серіктестер ортақ сын-қатерлерге қандай жауап іздеді және ШЫҰ бұл үдерісте қандай орын алады? Мәселені Kazinform агенттігінің халықаралық шолушысы тарқатты.
Күрделі кезеңдегі болжам
ШЫҰ саммитінен жаһандық мәселелерге тікелей жауап күтудің қажеті жоқ. Өйткені ұйым нақты шешім ұсынуға міндетті емес. Алайда әлемдік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер саммит аясындағы келіссөздерде кеңінен талқыланды.
Бұл қазіргі күрделі ахуалда ерекше маңызды. Себебі негізгі саяси үдерістердің бағыты көмескіленіп, ойын ережелері өзгеріп жатқан кезде алдағы, әсіресе орта мерзімді кезеңдегі жағдайдың қалай өрбитінін болжау қиындай түсті. Мұндай жағдайда саммит мемлекеттерге өзара пікір алмасып, ықтимал сценарийлерді бағалауға және алдағы қадамдарын нақтылауға мүмкіндік береді.
Жаһандық диалогтың маңызды алаңы
Бішкектегі саммит мемлекеттерге өзекті мәселелерді жоғары деңгейде талқылап, тікелей консультация өткізуге кең мүмкіндік берді. Ұйым мүшелері ғана емес, саммитке қатысқан өзге елдер де мәселелерін көршілерімен және серіктестерімен, сондай-ақ Қытай, Үндістан және Ресей секілді ықпалы өңірлік шеңберден әлдеқайда асатын ірі державалармен талқылай алды.