Алланың елшісі әрі пендесі Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад-Мұстафа (с.ғ.с.) дүние салғаннан бері көп ғасыр өтті. Бірақ хазіреттің әсері өмір сүрген жылдарымен шектелген жоқ. Өйткені Алла елшісінің миссиясы бүкіл адамзат тарихы мен әрекеттеріне таралып, адамның болашақ бағытын анықтайды.
Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) – теңдессіз басшы. Хазіреттің тағылымдары күн сайын шығатын күн сынды жарқырап, хақ жолына шақыруы әлі тартымды әрі әсерлі. Исламның ұлық пайғамбары хиджри қамаридің 11-жылының сафар айының 28-жұлдызында дүниеден озып, әлемді қайғыға батырды. Адамзаттың ең үлкен мұғалімі мен дұрыс жолға нұсқаушысына Алланың нұры жаусын! Бұл күнге байланысты әлемнің барша мұсылмандарына көңіл айтамыз. Исламның ұлық пайғамбары науқастанып, төсек тартып жатқан кезде ансарлардың ерлері мен әйелдері мешітке жиналып, уайымға батып, көздері жасқа толды. Бұл хабар Пайғамбарға (с.ғ.с.) жеткен кезде хазірет Әли (ғ.с.) мен Аббастан сүйемелдеп, мешітке баруға көмектесуді сұрады. Пайғамбар мінберге отырып, Алланы мадақтап: «Уа, халайық! Пайғамбарларыңның өлімін теріске шығаруға не нәрсе себеп болды? Өлім маған да, сендерге де келмейді ме? Егер өлмейтін адам болғанда, үнемі қастарында қалатын едім. Біліңдер, мен Жаратушыма ораламын. сендер үшін аманаттарымды қалдырдым. Егер соларға жабыссаңдар, еш уақытта адаспайсыңдар. Аманаттарымның бірі – Алланы кітабы. Ол өздеріңнің қолдарыңда, оны таңертең және кешке оқыңдар. Келесі аманатым – отбасым. Олардан алыстамаңдар деп кеңесберемін»,- деді. Бұл Исламның ұлық пайғамбарының қатысуымен өткен соңғы жиын болды. Бұл күні үмбетінің келешегін белгілеп, хазірет риза болды. Пайғамбар айналасына жиналғандарға: «Уа, халайық! Менен кейін басқа пайғамбардың келмейтінін және менің сүннетімнен кейін басқа сүннеттің болмайтынын біліңдер. Кімде-кім өзін пайғамбар жарияласа, өз ойынан айтқаны. Оның орны тозақ болады. Уа, халайық! Аллаға иман келтіріп, ыдырамаңдар, мұсылман болып қалыңдар»,- деді.
Хазірет Мұхаммадтың (с.ғ.с.) өмірі адамзат қоғамы мен әлемдегі өмір тынысы үшін Алланың мейірім жаңбырындай болды. Хазірет пайғамбар міндетіне сайланған кезде араб аралы надандық, бұзақылық пен күнәға батқан болады. Адамдар арасында адамгершілік құндылықтарының орнын соғыс, кісі өлтіру мен талан-тараж толтырды. Алла елшісінің 23 жыл талпынысының арқасында мұсылмандар арасында ахлақ, адамгершілік, білім мен даналық, әділет қалыптасты. Білімнен пайдаланбаған халық пайғамбар тағылымдарының арқасында білім алуға құштарлық білдіріп, оқып-жазатын болды. Шынайы өркениеттің ешбір белгісі болмаған халық пайғамбармен бірге ұзақ жолды өтіп, ғылыми және рухани кемелдікке жетіп, ислам өркениетінің негізін қалады. Адамзат қоғамы Алла елшісінің мектебінде өзінің жаратылуының мақсаты және орнымен танысып, Ислам тағылымдары аясында бірқатар пәк адамдар тәрбиеленді.
Исламның ұлық пайғамбары бүкіл істері Аллаға негізделген жаңа жүйе мен жаңа өмір сүру тәсілін ұсынды. Бұл дінде адамның Алламен қарым-қатынас орнатуы, қоғамдық, отбасылық, саяси және экономикалық қарым-қатынастарға байланысты жаңа стратегиялар ұсынылды. Айта кететін жайт, ол кезде надандық салдарынан көптеген адамдар Исламды қабылдамады. Ал Исламға бет бұрған адам пайғамбардың шақыруын қабылдау оның жеке және қоғамдық өміріндегі маңызды өзгерістердің басталуы екенін түсінді. Расында бұл өзгерістер мұсылмандардың өмірінен орын алып, әлемнің түкпір-түкпіріне таралды.
Бүгін ұлы адамның дүниеден озған күнінен ғасырлар өтті. Бірақ бұл тұлғаның есімі мен мінез-құлқы туралы айтылған сайын адам үшін жаңа мәліметтер ашылады.