Батыс Азиядағы қақтығыстардың ушығуы және Иранға шабуылдар салдарынан отын бағасының өсуі кейбір шағын еуропалық әуе компанияларына қаржылық қысымды арттырып, оларды күйреу мен банкроттық шегіне жеткізді.
IRNA — АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы мұнай бағасын қайтадан көтергендіктен, инвесторлар мен авиация саласының басшылары Еуропаның қаржылық жағынан әлсіз әуе компанияларының құлдырау белгілерін көріп отыр.
Британдық easyJet әуе компаниясы американдық компанияның бақылауына өту алдында тұр, ал Латвияға тиесілі airBaltic қарыз міндеттемелерін өтеу үшін қысқа мерзімді қаржыландыру іздеп жатыр. Норвегияның Nors Atlantic компаниясы да стратегиялық шолудан өтуде.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, отын бағасының өсуі компаниялардың осал баланстарын ашып көрсетті және олар қазір әкімшілік қайта құрылымдау, сату немесе банкроттықтан қорғауды қарастырып жатыр.
«Біз Еуропа бойынша төрт-бес өте ірі әуе компанияларына қайта құрылымдау бойынша қаржылық ұсыныстар жасап жатырмыз», — деді Interpath қаржылық консалтинг компаниясының Еуропадағы басшысы Барма Бокум.
Әлемдік әуе компаниялары өткен айда Батыс Азиядағы қақтығыстар мен отын бағасының өсуіне байланысты 2026 жылға арналған пайда болжамын екі есеге жуық қысқартты. Банкирлер мен сарапшылардың айтуынша, отын бағасының күрт өсуіне әкелген АҚШ-тың Иранмен соғысы коронавирус тудырған қаржылық қысымды күшейтті.
Сонымен қатар, Airbus соғыс пен сауда шиеленістеріне байланысты жолаушылар ұшақтарын сатуға деген 20 жылдық сұраныс болжамын төмендетті. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының бас директоры Вилли Уолш отын бағасы жоғары болып қалса, кейбір әуе компаниялары банкротқа ұшырауы немесе ірі компаниялар сатып алуы мүмкін екенін ескертті.