Үй Редактор таңдауыТүркия Еуразияның жаңа логистикасында қандай рөл атқарады

Түркия Еуразияның жаңа логистикасында қандай рөл атқарады

by Canews24.com

Жаһандық сауда бағыттары қайта қалыптасып жатқан кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағыты Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі дәліздің біріне айналды. Осы үдерісте Түркия Орта дәліздің батыс қақпасы ретінде рөлін күшейтіп, халықаралық позициясын нығайтуға ұмтылуда. Бағытты дамытуға қатысты мүмкіндіктерді Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі тарқатты.

Бүгінде Түркия Қытай мен Орталық Азиядан Еуропа нарықтарына жүк жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды логистикалық буынға айналып отыр.

Соңғы жылдардағы геосаяси және қауіпсіздік факторлары бұл үдерістің жеделдеуіне тікелей әсер етті. Қызыл теңіздегі тұрақсыздық Суэц каналы арқылы тасымалдаудың құнын арттырып, тәуекелін күшейтті. Ресей аумағы арқылы өтетін Солтүстік дәлізге салынған санкциялық шектеулер бағыттың тартымдылығын төмендетті.

Осы жағдайда Орта дәліз тек балама бағыт ретінде емес, сенімді әрі жылдам көлік жолы ретінде алға шықты. Ұзындығы шамамен 7 мың шақырым болатын маршрут Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтеді. Жүк орта есеппен 12–15 күн ішінде жеткізіледі. Ал Суэц каналы немесе Африканы айналып өтетін теңіз бағыттарында бұл мерзім 35-45 күнге дейін созылатын.

Логистикалық артықшылықтар Түркия үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы елге транзиттік кіріс әкеліп, оның геоэкономикалық ықпалын күшейтті. Соның нәтижесінде Анкара жаһандық жеткізу тізбектеріндегі орнын одан әрі бекемдеп келеді.

Стратегиялық зерттеулер және даму орталығы жанындағы Қоғамдық дипломатия кеңесінің төрағасы, бас экономист Мұрат Гүрелдің айтуынша, әлемдік экономика біртіндеп Азияға қарай ойысып келеді. Осыған байланысты көлік және энергетикалық дәліздердің маңызы артып отыр.

Сарапшы Еуразиядағы жаңа көлік жүйесінде Түркияның рөліне ерекше тоқталады. Оның пікірінше, Түркия тек транзиттік ел емес. Ол – Еуропа, Кавказ, Орталық Азия және Таяу Шығысты байланыстыратын маңызды буын. Орта дәліз де тек көлік жобасы емес. Ол Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланысты күшейтетін құрал ретінде дамып келеді.