Үй Редактор таңдауыШЫҰ елдері ұйым қызметін жетілдіруге ерекше мән беріп отыр

ШЫҰ елдері ұйым қызметін жетілдіруге ерекше мән беріп отыр

by Canews24.com

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 25 жылдығы аясында «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: 25 жылдағы эволюциясы мен трансформациясы» тақырыбында сарапшылық кездесу өтті.

— 2026 жылдың 15 маусымында ұйымның жиырма бес жылдығын атап өтеміз. Бұл — дамудың жаңа перспективаларын ашатын символдық мәні бар кезең. Кейіннен ұйымға Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь елдерінің қосылуы ШЫҰ-ны ең ірі трансаймақтық бірлестікке айналдырды және өзінің 25 жылдық мерейтойына елеулі нәтижелермен келді, — деді ШЫҰ бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев.

Оның айтуынша, бүгінде ШЫҰ экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілетудің маңызды алаңы ретінде танылды. Сонымен қатар, ШЫҰ кеңістігінде сауда өсімінің оң қарқынын байқауға болады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 7 пайызға өсіп, 700 млрд АҚШ долларына жуықтады.

— Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы рөлі туралы айтқым келеді. Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаушы алты мемлекеттің бірі және ұйымға маңызды үлесін қосып келеді. Қазақстанның 2023–2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы сол кезеңдегі маңызды саяси оқиғаларға қатысты ұйымның ортақ ұстанымын қалыптастыру бойынша жедел іс-қимылдармен ерекшеленді, — деді ШЫҰ бас хатшысы.

2024 жылғы Астана саммиті аясында алғаш рет ШЫҰ плюс форматында мүше мемлекеттер басшыларының, байқаушылардың, сондай-ақ Әзербайжан, Қатар, БАӘ, Түркия және Түрікменстаннан келген қонақтардың, БҰҰ Бас хатшысының, халықаралық ұйымдардың атқарушы органдары басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясы және 20-ға жуық шешім қабылданды.

— Астана саммитінде Мемлекет басшылары Сыртқы істер министрлері кеңесінің ұйым қызметін жетілдіру жөніндегі ұсынысын мақұлдады. Бүгінде тараптар осы мәселемен айналысып жатыр. Атап айтқанда, ШЫҰ-ның ұжымдық бастамалары жыл сайын халықаралық аренада назар аудартып отыр. Сонымен бірге ШЫҰ жұмысындағы кемшіліктерді де көріп отырмыз. Осыған орай, Мемлекет басшылары алға қойған бірінші кезектегі міндет — ұйым қызметін жан-жақты жаңғырту, — деді Нұрлан Ермекбаев.