Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі Гоар Барсегян, Беларусь ауыл шаруашылығы министрі Юрий Горлов, сондай-ақ Иран ауыл шаруашылығы джихады министрінің орынбасары Акбар Фатхи Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің озық кәсіпорындарымен танысты, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
ЕАЭО елдерінің өкілдеріне автоматтандыру, цифрландыру, ресурстарды үнемдеу, өнімді терең өңдеу және экспорттық жеткізілімдерді ұйымдастыру бағыттарындағы практикалық шешімдер таныстырылды.
«Қазақстанның айтарлықтай шикізаттық және өндірістік әлеуеті бар. Біз ішкі нарықты дамыту және экспорт көлемін ұлғайту үшін осы әлеуетті барынша тиімді пайдалануымыз қажет», – деді Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Делегациялар Алматы облысындағы балмұздақ және мұздатылған өнім өндіретін «Шин-Лайн» ЖШС компаниясына барды. Кәсіпорын бүгінде 36 брендпен өнімнің 160-тан астам түрін шығарады. Инвестиция көлемі 64 млрд теңгеден асады, өндірістік қуаты тәулігіне 350 тоннадан астам өнімді құрайды. Кәсіпорын өнімдерін Қытай, Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Грузия, Тәжікстан және Қырғызстанды қоса алғанда, 10 елге экспорттайды.