IRNA – АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің жиынында сөз сөйлеген Иран Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары сионистік режимді Азияда, әсіресе Батыс Азия аймағында қауіп пен тұрақсыздықтың басты қайнар көзі деп атады. Ол мүше мемлекеттердің аталған режимнің түрлі халықтарға қарсы жасаған қатыгез әрекеттеріне — яғни оның «ағасы» саналатын Америка Құрама Штаттарының қолдауымен жүзеге асырылған қылмыстарға — үнсіз қарап отырмауы тиіс екенін баса айтты: «Енді осы режимді АӨСШК құрамынан шығаратын уақыт жетті».
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) саммитіне қатысқан ИИР Сыртқы істер министрінің құқықтық және халықаралық мәселелер жөніндегі орынбасары Казем Ғарибабади бейсенбі, 15 қазанда сөйлеген сөзінде еліміздің аймақтық және халықаралық оқиғаларға, сондай-ақ Азиядағы қауіпсіздік жағдайына қатысты ұстанымдарын түсіндірді.
Ол былай деді: «Бүгінгі басқосу Азияның — орасан зор адами, экономикалық және өркениеттік әлеуетіне қарамастан — қауіпсіздікке төнетін күрделі қауіп-қатерлерге тап болып отырған кезеңінде өтуде. Қазіргі таңда халықаралық тәртіп алдында тұрған ең елеулі сын-қатерлердің бірі — күш қолданудың қалыпты жағдайға айналуы, сондай-ақ әскери агрессия, санкциялар және қоқан-лоққылар арқылы тәуелсіз мемлекеттерге саяси ерік-жігерді таңу әрекеттері».