Қазақстан мен Әзербайжан өкілдері «Орта дәлізді» дамыту туралы келісімге қол қойды.
Fars ақпарат агенттігінің Астанадағы тілшісі хабарлағандай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында бірегей өңірлік жоба – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Бұл байланыс желісі екі ел арасындағы цифрлық байланысты нығайтады, Еуропа мен Азия арасындағы цифрлық дәліздерді әртараптандыруға негіз болады және бүкіл аймақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды.
Сондай-ақ, тараптар сауда-экономикалық қатынастардағы оң үрдісті атап өтіп, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін арттыруға деген ниеттерін растады.
Сонымен қатар, Әзірбайжанның аумағы арқылы Қазақстанның энергетикалық ресурстарын экспорттауды кеңейту және өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Тараптар мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың біртіндеп нығаюын, білім беру және туризм саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюін және парламентаралық өзара іс-қимылдардың артуын атап өтті.
Екі ел басшыларының қатысуымен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған Қазақстан мен Әзірбайжан үкіметтері арасындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша құжаттармен алмасу рәсімі өтті.
Бұл құжат жаһандық сауда және логистикалық тізбектердің трансформациясы жағдайында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (Орта дәліз) тұрақты жұмыс істеуі және кешенді дамуы үшін бірыңғай құқықтық база жасайды.
Бұл келісім инфрақұрылымдық қуаттарды үйлестірілген дамытуға, бағыттың теміржол, автомобиль және порт учаскелеріндегі кедергілерді жоюға, сондай-ақ Каспий теңізінде тереңдету және кеме қатынасы флотын бірлесіп дамытуға мүмкіндік береді.